Біз жетім балаларға қамқор болып, олардың ересек өмірге бейімделу жолында бірге жүретін жандарды біріктіреміз


Жобаны іске қоспай тұрып, Қорымыз балалар үйіне үнемі барып тұратын: мерекелер ұйымдастырдық, сыйлықтар апардық, түрлі шаралар өткіздік. Бірақ уақыт өте келе бұндай акциялардың балалардың өмірін ұзақ мерзімде өзгертпейтінін түсіндік. Сол кезде біз бір сұрақ қойдық: балаларға не жетіспейді? Халықаралық тәжірибені зерттей келе, біз АҚШ-тағы Big Brothers Big Sisters және Украинадағы «Одна надежда» жобаларын негізге алып, Қазақстанға бейімделген тәлімгерлік моделін құрдық.
Біздің жобаның бірегейлігі – балаға жақын дос, өмірлік бағыт-бағдар көрсететін маңызды ересек адамның болуын қамтамасыз етуінде. «Бір тәлімгер – бір жасөспірім» форматы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге жетіспейтін сенімді қарым-қатынасты қалыптастырады. Қазіргі таңда жоба 18 қала мен 26 мекемені қамтиды, алайда елімізде мұндай мекемелер саны – 77. Біздің мақсат – әрбір мекемедегі жасөспірімнің жанында сенімді ересек адамның болуы. Сонымен қатар, жыл өткен сайын тәлімгер болуға ниетті адамдар саны арта түсетініне сенеміз.
Жоба балаларды балалар үйінен кейінгі өмірге дайындайды: тәлімгерлік, оқу курстары мен тағылымдамалар арқылы олар жоғары оқу орындарына түсуге және жұмысқа орналасуға қажет білім, дағды мен тәжірибе жинайды. Уақыт өте келе бала мен тәлімгер нағыз жақын адамдарға айналады. Жасөспірім бұл дүниеде жалғыз еместігін, кез келген уақытта кеңес пен қолдау сұрай алатын сенімді жанның бар екенін түсінеді.
Тәлімгерлер әр баламен жеке жағдайға қарай жұмыс істейді, шығармашылық тәсілдер қолданады. Бірақ олардың басты ұстанымы – баланың мүддесі мен қалауына сүйену. Кейде сенімді қарым-қатынас орнату үшін ұзақ уақыт қажет болады, сондықтан тәлімгерлер ерекше шыдамдылық танытып, баланың өзіне сенуіне және қоғамға алғашқы қадамдарын жасауына көмектеседі.
Біз үшін ең үлкен қуаныш – тәлімгер мен баланың бірге түскен суреттерін көру. Ол суреттерден нағыз жақындықты, баланың өмірінде маңызды адамның пайда болғанын сезесің. Жобамыздағы жұптар жылдар бойы дос болады, тіпті он жылдан астам уақыт бойы байланысын үзбеген мысалдар бар.
Жобаға қатысу бірнеше кезеңнен тұрады. Тәлімгер болғысы келетіндер алдымен сауалнама толтырады, тест тапсырады, «Тәлімгер мектебінде» оқиды, жоба тобының сұхбатынан өтеді, құжаттарын тапсырып, келісімшартқа қол қояды. Кандидат кез келген кезеңде жобадан бас тарта алады – бұл қалыпты жағдай. Балалар 10 жастан бастап қатысуы мүмкін. Біз әрқашан баланың өзінің қалауына қараймыз, егер жасөспірім маған тәлімгер керек десе, біз оған лайықты ересек адамды іздейміз.
Жеке тәлімгерліктен бөлек, біз білім беру курстарын, корпоративтік тәлімгерлікті және «Тәлімгерлер» қазақтілді бағыт жобасын да дамытып жатырмыз.