13 маусым
  • Егер 20 жылдан кейін біреу: «Мен сіздердің мультфильмдеріңізбен өстім» десе – біз бәрін дұрыс жасағанбыз

    Мадина Сүтбаева, «Tasqyn» анимация студиясының директоры
    Қазан

    Қазан

    Республика күні
    25 қазан
    Республика күні
    Халықаралық анимация күні
    28 қазан
    Халықаралық анимация күні

    Анимациямен айналысамын деген ой біз ҚазҰӨА-да оқып жүргенде, студент кезімізде пайда болды. Сол кезде-ақ қазақстандық анимацияға жаның ашитын. Оқуды аяқтаған соң біразға дейін әркім өз жолымен кетті, бірақ кейін шығармашылық топ жиналып, әрекет ету керек екенін түсіндік. Сол кезде Серік Ахметов деген серіктесіміз жолықты, барлығы содан басталды.

    Біз балаларды жай ғана тыныштандыру үшін жасалатын, жеңіл дофаминге құрылған мультфильмдер жасағымыз келмеді. Сол себепті ең алдымен не маңызды деген сұрақ туындады – жауап бірден келді: мәдениет, яғни біртіндеп ұмытылып бара жатқан құндылықтар. Біздің алғашқы жобамыз – «Дала Шаркалы» – Құрманғазының жолы туралы еді.

    Қиындықтар өте көп болды. Бірінші – бізден бұрын Қазақстанда ешкім бұл форматта жұмыс істемеген. Әдетте, не тек мемлекеттік қаржыландырумен, бірақ жарнамасыз, не тек жарнама бағытында жұмыс істейтін жекеменшік студиялар бар еді. Ал біз мультфильмді тек жасап қана қоймай, оны ілгерілету керектігін түсіндік. Сондықтан маркетинг пен бизнесті басқаруды қатар үйренуге тура келді. Біз шығармашыл, бірақ тәжірибесіз едік. Уақыт өте келе бизнеске бейімделіп, ресурстарды есептеуді, табыстылықты бағалауды үйрендік. Бұл шығармашылық адам үшін оңай емес, бірақ біз жеңе алдық.

    Басқа студиялардан басты айырмашылығымыз – өндіріс тиімділігінде. Біз команда санын арттырмай және сападан айырылмай, өндіріс жылдамдығын 4 есе өсіре алдық. Бұрын 5 минуттық бір серияны жарты жылда жасасақ, Scrum әдістемесін енгізгеннен кейін бірден үш серияны қатар жасап, айына шамамен 20 минуттық контент шығаратын болдық. ТМД елдері үшін бұл – өте жақсы көрсеткіш.

    Бүгінде біз 10-нан астам жоба жасадық: үш анимациялық сериал, екі комикс, екі қысқаметражды фильм. Қайсысы ең сүйікті дегенге жауап беру қиын – бұл ананың қай баласын артық көруімен тең. Бірақ көрерменге ерекше әсер еткен екі жобаны атап өткім келеді.

    Біріншісі – «Серіктес» қысқаметражды фильмі, бұл жұмысымыз Франция мен Аргентинада гран-при жеңіп алды. Біз әр кадрға қазақстандық болмысты кіргізуге тырыстық: көлік нөмірлерінен бастап, образдарға дейін.

    Екінші – «Күншіктер» атты мультсериал. Біз бұл жобаны балалар мен ата-аналарға арнадық, бірақ оны жасөспірімдер ерекше қабылдады. Олар кейіпкерлерден өздерін, өз мәдениетін көрді. Бұл – олардың өзін-өзі тану нүктесіне айналды. Балалық шақтарында мұндай контент болмағандықтан, бұл олар үшін жаңа мүмкіндікке айналды. Сонымен қатар, біз бұл жобамен байланысты мерч өнімдерін де шығарамыз – бұл көрерменмен байланысты жаңа деңгейге шығарады.

    Бізді алға жетелейтін – көрерменнің махаббаты мен сенімі. Кішкентай балалар кейіпкерлерімізді танып, қуана жүгіріп келсе, жасөспірімдер: «Бұл біз туралы, Қазақстан туралы» десе – сол сәттер бәріне тұрарлық екенін сезінеміз. Балалар – біздің болашағымыз. Егер 20 жылдан кейін біреу: «Мен сіздердің мультфильмдеріңізбен өстім» десе – біз өз миссиямызды орындадық деп білемін.

    Қазір біз жылдам өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Ал Tasqyn – жаңа шындыққа бейімделе алатын студиялардың бірі. Әзірге барлық мәліметті айта алмаймын, бірақ алдағы 3–5 жылда өте ауқымды жобалар күтіп тұр. Олар бүгінгіден де көлемді болмақ. Менде нақты стратегия мен есеп бар – барлығы сәтті боларына сенемін.

    Шығармашылық кәсіпкерлерге айтар бірнеше кеңесім бар.

    Бірінші – санмен дос болыңыз. Егер өзіңіз есептей алмасаңыз, сізге көмектесетін адам табыңыз. «Бәрі өздігінен орнына келеді» деген – жұмыс істемейтін қате тұжырым.

    Екінші – балансты ұстауды үйреніңіз. Шығармашылық адамдар көбіне шетке кетеді: не «мен гениймін», не «мен түкке тұрмаймын». Өзім де бұны бастан өткердім – өте шаршататын күй.

    Үшінші – тоқтамай үйреніңіз. Үш жыл бойы еліміздегі ең ірі студияны басқарсам да, әлі де көп нәрсені білмейтінімді мойындаймын.

    Соңғысы – демалыс. Егер демалмасаңыз, тез шаршап, күйіп кетесіз. Демалыс – жылына бір рет қана емес, күнде 15 минут тынығу: тауға қарап тұру, бір сәтке көңілді бөлу – осы кішкентай үзілістер «бір жылдық марафоннан» да маңызды болуы мүмкін.